Медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында халыққа тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде медқызмет көрсететін Орталық клиникалық ауруханаға барды.
Айта кету керек, медицина мекемесі бастапқы медициналық- санитарлық, жедел және шұғыл көмек, мамандандырылған көмектен бастап, жоғары мамандандырылған медициналық қызметтер мен коронавирустық инфекциядан кейінгі оңалтуға дейін, жоғары технологияларды қажет ететін медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынады.
ОКА президенті Рустам Албаевтың айтуынша, аурухана базасында отандық және шетелдік денсаулық сақтау саласындағы заманауи әдістер қолданылады. Клиниканың өз зертханасы, функционалдық диагностика және эндоскопия бөлімшелері, күндізгі және көпбейінді стационарлары бар.
2021 жылы Орталық клиникалық аурухана ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ережелері мен талаптарына сәйкес, 4 жылға ұлттық аккредитациядан өтіп, ең жоғары балға ие болды, JCI халықаралық аккредитациясынан өтті.
Медициналық нысанмен танысу барысында МСҚ басшысы Айдын Ашуев Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдеу орталығына ерекше назар аударды.
«Мұндай орталықтың ашылғаны орынды. Ол Паркинсон ауруымен ауыратын пациенттерге МӘМС есебінен елде операция жасауға мүмкіндік береді», – деді Қор басшысы.
Бұрын-соңды Алматыда жасалмаған мұндай жоғары технологиялы операцияларды Орталық аурухана бірінші болып бастады. Портал бойынша орталық базасында 25 пациент ем алып үлгерді.
Кездесу барысында пациенттер тарапынан сұранысқа ие медициналық көмекті қаржыландыруды ұлғайту мүмкіндіктері талқыланды.